×

Қаражатты тәркілеу, жер телімдері, жылжымайтын мүліктер: мемлекетке 9,2 млрд теңгеден астам шығын өтелді

Прокурорлар 36 талап-арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды

 Динара Амантай 21.04.2023 | 09:25
Фото: © Sputnik

Алматы қаласындағы «Горный Гигант» шағын ауданындағы жер телімдері мен «RBK Bank» АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратура сотталғандардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары, жымқыру, жалған кәсіпкерлік және салық төлеуден жалтару үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың мүлкін тәркілеудің заңдылығын қадағалайды.

Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде қаражатты тәркілеу, жер телімдерін, жылжымайтын мүліктер мен көліктерді қайтару арқылы мемлекетке 9,2 миллиард теңгеден астам шығын өтелді.

Астана, Алматы және Өскемен қалаларындағы коммерциялық нысандар жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және басқа облыстардағы жер телімдерін, жылжымайтын мүлік объектілерін, өндірістік кешендерді мемлекет кірісіне айналдыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Биыл 1,5 млрд теңге жиналды. Прокурорлар мүлікті иеліктен шығару туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы 36 талап арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды.

Жоғарғы Сот Бас прокурордың наразылығы негізінде Алматы қаласы апелляциялық сотының «Горный Гигант» шағын ауданындағы жер телімдері мен «RBK Bank» АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктерін тәркілеуден босату туралы шешімінің күшін жойды. Нысандар мемлекетке қайтарылды.

Мемлекетке келтірілген материалдық шығынды өтемеген тұлғаларға адамгершілік әрекеттерді негізсіз қолдану фактілері анықталды.

Атырау облысында прокурордың өтініш хаты бойынша 1,5 млрд теңгеден аса шығынды өтемеген азамат Б.-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының күші жойылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама