×

Бес жылда 654 млн теңге жұмсалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының атауы өзгере ме?

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына 5 жыл толды

 Айнұр Шошаева 12.04.2022 | 10:04
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына бүгін тура 5 жыл толды. Мақалада айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ құрылды. Аталмыш институт Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі тиісті ведомство басшылығына бірнеше сауал жолдап, оған Ақпарат қоғамдық даму министрлігінің департаментінің директоры Ұлықбек Тналиев жазбаша жауап берді.

Институт қазір не істеп жатыр?

- Институт атауы «Рухани жаңғыру» болса да, қызметінің негізгі мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту саласында талдамалық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру, жобаларды сүйемелдеу, зерделеу.

«Рухани жаңғыру» - институттағы төрт орталықтың бір бағыты ғана, қалғаны: отбасы институтын зерттеу, қоғамдық үдерістерді зерттеу, әлеуметтік зерттеулер орталықтары.

Әр құрылымдық бөлімшенің атқаратын қызметі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің функцияларында көрсетілген мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, ішкі саяси тұрақтылық сияқты маңызды бағыттарды дамытумен тығыз байланысқан. 

Институтта сарапшылардың көмегімен атқарылатын жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2021 отбасылық құндылықтардың маңызы жөнінде сараптамалық алаңдар, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тарихын зерттеу нәтижелерін талқылау бойынша тарихшылармен кездесулер ұйымдастырылып, басқа да елеулі тақырыптарда сарапшылармен пікірталастар өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бес жылда Қазақстан бюджетінен қанша қаржы жұмсалды және ол шығын күткен нәтиже берді ме?

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы сияқты 6 бағытта іске асырылуда.

Бағдарлама аясында көптеген жұмыстар атқарылды, нақты жобалар жүзеге асырылды.

Мысалы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы: әлемдік бестселлерге айналған 100 кітап қазақ тіліне аударылып, бүгінде біздің студенттер осы оқулықтар арқылы сапалы білім алуда.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандар тізіміне 256, жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне 575 нысан енгізілді. Бүгінгі таңда 2ГИС электрондық географиялық картасында 97 нысан қамтылды.

«Туған жер» аясында меценнаттар қаражатынан әлеуметтік объектілер салынып, жөнделініп, азаматтардың туған өлкесіне деген қамқоршылығы мен көмегі арта түсті.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы бойынша «Дала фольклорының антологиясы» (10 том), «Ұлы Даланың ежелгі сарындары» (2 том), «Ежелгі әдебиеттің антологиясы» (3 том) атты еңбектері көпшілікке таратылды.

Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде Абай мен Әл-Фарабидің 6 орталығы ашылды.

Іс жүзінде тағы да сол сияқты көптеген жүйелі нәтижелер бар.

Екіншіден, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарлама емес, әр мемлекеттік орган жоғарыда аталған алты бағыттарға сәйкес қажетті қаржыны жоспарлап жобаларды іске асырады. Сондықтан бөлінген және игерілген қаражат бағдарлама әкімшілерінің дербес бақылауында.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты құрылған уақыттан бастап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларына 654 113 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалды (2019 жыл – 45 866 000 теңге, 2020 жылы – 175 579 000 теңге, 2021 жылы – 272 005 000 теңге, 2022 жыл – 160 663 мың теңге).

Қоғамда «қаңтар оқиғасы соңғы жылдары қазақстандықтардың санасының қалай жаңғырғанын көрсетті» деген пікір бар. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

- «Қаңтар оқиғасы» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын байланыстыруға болмайды. Ол жерде арнайы күштер болғанын көріп отырмыз.

Өкінішке қарай, бүгін халық арасында қаңтар оқиғасына байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткені белгілі. Себебі кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжейлі білмей, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан әрі ушықтырады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – халықтың өткенін өлшеп, бүгіні мен болашағын біріктіретін платформа. Жеке тұлғаның қалыптасуына бағдар беру арқылы тұтас қоғамның болашақ дамуын айқындайтын, біріктіруші күшке ие болған басты тұжырымдама.

Бағдарлама аясындағы іс-шаралар халықтың мәдени сауаттылық деңгейін арттыру, жастардың отбасылық құндылықтарын қалыптастыру және нығайту, жастар арасында экологиялық салауатты даму мәдениетін ілгерілететін және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мақсатында өткізілуде.

Осы ретте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттары – осы аталған міндеттердің сапалы іске асуына мол септігін тигізуде.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту жұмысының әдіс-тәсілдері өзгере ме?

- Бүгінгі күннің болмысын негізге ала отырып, қоғамдық жаңғыруды дамытудың жаңа міндетін қалыптастыру өзекті мәселе. Еліміздің жаңа өркениетіне серпін беретін рухани құрамдас жүйенің болуы маңызды. Заманға сай білімді ұлт қалыптастыруымыз қажет. «Рухани жаңғыру» – бұл архаизм емес, ол ұлттық прагматизм, заманауи қазақстандық мәдениет, ұлттық бірегейлікті сақтау сынды бағыттарды түсінуге және іске асыруға бағытталғанын атап өткен жөн.

Осыған байланысты қазіргі таңда қоғамдық даму бағытында жаңа тәсілдер ұсынылып, сараптау жұмыстары жүргізілуде.

Аталған ұстанымдар рухани адамзат құндылықтары негізінде «Жаңа Қазақстан» азаматының жаңа бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Рухани жаңғыру» институты «Жаңа Қазақстанда» қалай жұмыс істемек?

- «Жаңа Қазақстан» қағидалары жүйелі сипатқа ие, онда жаңа «қоғамдық шарттың» негізгі базалық қағидаттары мен тетіктері қайта қаралды. Осыған байланысты, біздің ойымызша институттың «Жаңа Қазақстан» қағидаларының негізгі ережелерін іске асыру бойынша қызметі 2022-2024 жылдарға арналған стратегиясының арнасында орындалуға тиіс. Атап айтқанда, азаматтық қоғамдағы үдерістердің болжауын қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулерді жүргізу және мемлекеттік жастар және отбасылық саясаттың іске асырылуына әдіснамалық және талдамалық сүйемелдеуді жүзеге асыру және т.б.

Сананы жаңғыртуда зиялы қауым өкілдерінің қоғамдық пікірі өте маңызды. Осы орайда, қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, әр саланың сарапшыларын, азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарту жұмыстары көзделген. Қоғамдық және рухани-адамгершілік даму саласындағы идеялар мен мағыналардың генераторлары ретіндегі «Sarap», «Азаматтық алаң», «Jastar: ózekti másele» пікірталас алаңдарының қызметін белсендіру ісі қолға алынды.

Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен жаһандану сын-қатері жағдайында рухани құндылықтарды жаңғырту, еліміздің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтардың білімі мен санасының ашықтығын көпшілікке насихаттау әрбір тұлғаның негізгі бағдарлары болып табылады.

Кезең-кезеңмен іске асырылып жатқан шаралар мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы жаңа қадамдар түпкі мақсатқа жетуге, қоғамды топтастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бүгінгі Институт қызметі қазақстандық сараптау қауымдастық өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие. Сондықтан Институттың «Жаңа Қазақстанды» құру, жаңа мүмкіндіктер мен озық елге жәрдемдесу бағытындағы мүмкіндігі зор деп ойлаймыз.

«Рухани жаңғыру» тұңғыш президент есімімен байланысты. Енді Жаңа Қазақстанда «Рухани жаңғырудың» атауы өзгере ме?

- Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамымыз үшін жаңа идеология тәртібін құру, өмірді жақсартуда әркімге қандай да бір іс-қимыл жасауға шақыратын негізгі құжат ретінде қарастырылған болатын. Оның түпкілікті идеясы үнемі өзін-өзі жетілдіру және қоғамды дамытуға бағдарланды.

Жоғарыда айтылғандай, бүгінгі күннің тәртібінде қоғамдық дамудың жаңа принциптері мен бағыттарын айқындау талап етіледі. Осы орайда, әділеттілік және азаматтардың жасампаздық әлеуетін күшейту, сондай-ақ халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпыын нығайту арқылы ұлттық басымдықтарға негізделген принциптер алға қойылады.

Тарихи ақиқат негізінде адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру – бүгінгі күннің талабы.

Сондықтан, ұсынылып отырған идеяның мазмұнына сәйкес «Жаңа Қазақстанды» дамытудың жаңа құндылықтары мен бағыттарына, елдің өмірлік қағидаттары жүйесіндегі жеке және қоғамдық мүдделерге негізделген қоғамдық дамудың жаңа идеологемасы әзірленеді деп күтілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама