×

Серік Күдебаевтың елден қашуы: 5 полицей қамауға алынды

Қамауға алынғандардың барлығы қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғандар

 Халық үні 20.04.2023 | 20:25
Фото: vlast.kz

Алматы және Алматы облысы ІІД бұрынғы бастығы Серік Күдебаев Қазақстаннан қашып кеткеннен кейін үйқамақта отырған бес полиция қызметкері қамауға алынды. Бұл жөнінде белгілі журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында хабарлады.

«2023 жылдың 19 сәуірінде сағат 17.00 шамасында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің (Қылмыстық-атқару жүйесі – ред.) №67 РҚБ (аралас күзет) мекемесінде Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Төлесбай С. шешімімен сотталушылар әкелінді, олар бұрын Жамбыл облысы бойынша ДП және оның бөлімшелерінде қызмет атқарған», – делінген журналистің жариялаған құжат үзіндісінде.

Құжатқа сәйкес, қамауға алынғандардың барлығы қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғандар.

«2023 жылғы 19 сәуірдегі сот отырысында сотталушылар Қимеков Н.М., Оразов С.У., Төребеков М.М., Заурбеков А.А «елден шықпау және дұрыс мінез-құлық туралы жазбаша міндеттеме» түріндегі бұлтартпау шарасы, ал Шанкаров Ф.С.-ға қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді», – делінген құжатта.

Дереккөз бұл оқиғаларды Күдебаевтың қашуымен тікелей байланыстырды.

Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полиция департаментін 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам уақыт осындай қызмет атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама