Маңғыстау облысында қоқиқаздардың өлексесі табылды (ВИДЕО)
Бұл шөлейт аумақта су көздері жоқ
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы Қызыләскер ауылынан 8 шақырым жерде қоқиқаздардың өлексесі табылды.
Сам құмында 5 қоқиқаздың өлексесі жатқанын бүгін сол аумақта мал жайып жүрген 7-сынып оқушысы Ғизат Орынбай көріп, видеоға түсіріп алған. Ол видеоны Маңғыстау аймақтық экологиялық кеңес таратты.
Бір қызығы, дәл осындай жағдай тура бір жыл бұрын, 2022 жылдың 24 сәуірінде болған. Ол кезде мамандар құстардың өліміне аймақтағы қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін деген пікір білдірген еді. Бұл жолы да сондай болғанға ұқсайды.
Соңғы кездері Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болып тұрды. Бұл құстардың Қорғалжын қорығына баратын миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Әзірге қолайсыз ауа райынан құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін деп болжауға болады. Себебі бұл шөлейт аумақта су көздері жоқ.
Ендігі жерде ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті сынамалар алынады деп күтеміз», – делінген хабарламада.