Halyq Uni логотип
×

«Қаза тапқандар саны өсіп жатыр». Депутаттар жүргізуші куәлігін беру саласын реттеуді сұрады

Қазақстанда жыл сайын көлік апатынан 2 мыңға жуық адам көз жұмады

 Дәурен Ерболат 20.04.2023 | 14:20
«Қаза тапқандар саны өсіп жатыр». Депутаттар жүргізуші куәлігін беру саласын реттеуді сұрады
Фото: Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі

Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру саласын реттеуді әрі қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсетпеу керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың көлік апаты тіркелсе, салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады. Бұл жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3%-ын құрайды. Өкініштісі, көлік апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсіп жатыр, - деді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

Көлік апатының көбеюінің негізгі себебі – емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі.

«Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, автоЦОН қызметкерлері де ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, олардың 10%-ы, яғни 42 мың адам жүргізуші куәлігін сатып алса, сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы 8 млрд теңгеден асады (жыл сайын)», - деді ол.

Respublica фракциясы депутаттарының пікірінше, жүргізуші куәлігін беруді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дұрыс атқара алмай отыр.

Адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршіп тұруына неге жол беріліп отыр? «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, жүргізуші куәлігін алуға емтихандарды қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отыр. Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпараттық қауіпсіздік пен құрылғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген.

Президент адам өліміне әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға, және осыған жол беретін сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды.

Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл мемлекеттік қызмет түрін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады, - деді Олжас Құспеков.

Депутат аталған мәселені шешу үшін Ішкі істер, Цифрлық даму министрліктері, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құру керектігін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларлы болдырмау жайлы механизмді енгізуді, аталмыш мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және Қазақстан заңдарын сақтай отырып, нарыққа беруді ұсынамын», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама