Бей-жай қарамай, батылдық таныту – ең жоғары бағаға лайық
Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев шабуылдаушыны ұстау кезінде батылдық пен белсенді азаматтық ұстаным танытқан 14 жастағы баланы марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, заңға қайшы әрекеттерге куә болған №49 орта мектептің 8-сынып оқушысы Заңғар Ниязов қорықпай, сауатты және батыл әрекет еткен. Елордалық полиция басшысы салтанатты түрде жасөспірімге мақтау қағазын табыс етті.
Бейжай қарамай, батылдық таныту – ең жоғары бағаға лайық. Бұл – сізді кез келген минутта көмекке келе алатын, жанашыр етіп тәрбиелеген ата-анаңыздың, мұғалімдеріңіздің үлкен еңбегі, – деді Марат Төлебаев.
Еске сала кетсек, 8-сынып оқушысы кешкі уақытта Кемеңгерұлы көшесінде әйелге жасалған қарақшылық шабуылға куә болған. Әйелдің көмекке шақырғанын естіген жасөспірім қорықпай оған жүгіріп барып, жағдайын сұраған. Өзі сол уақытта полицияға болған оқиға туралы хабарлау үшін досына қоңырау шалған. Содан кейін бала ересектердің әйелге көмектесуі үшін өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатқан. Бірнеше минуттан кейін патрульдік полиция келген. Жасөспірім шабуылдаушының белгілерін сипаттап, полицейлерге ер адамның қай бағытқа бет алғанын көрсеткен. Тәртіп сақшылары 30 жастағы ер адамды ұстады.
Астана қаласының полиция департаменті оқиғаға бейжай қарамаған қала тұрғынына қырағылығы, жауапкершілігі және қылмысты ашуға көмектескені үшін алғыс білдірді.