Halyq Uni логотип
×

Сенат депутаттары қоғамда біраз дау туғызған заң жобасын қарайды

Сенат спикері қоғам пікірі елеусіз қалмайтынын айтты

 Ербол Тұрымбет 12.04.2022 | 00:33
Сенат депутаттары қоғамда біраз дау туғызған заң жобасын қарайды
фото: parlam.kz

14 сәуірде Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.

Бұл құжат балаларды оларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтан, оның ішінде отбасылық қатынастар, білім беру және ақпарат салалары бойынша қорғау тетіктерін жақсартуға арналған.

Дегенмен аталған заң жобасы қоғамда біраз дау тудырған болатын.

«Балаларды буллингтен және кибербуллингтен қорғау маңызды міндеттердің бірі. Бұл заң жобасының кейбір нормалары қоғамда қызу талқыланғанын жақсы білемін. Кез келген заң жобасын талқылау кезінде халықтың осындай белсенділігі үлкен маңызға ие. Сенаторлар ұсынылған нормаларды мұқият зерттеп, барлық пікірді ескеріп, жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – балалардың құқығын қорғайтын сапалы заң қабылдау. Бұл ретте қоғамның пікірін елеусіз қалдыруға болмайтыны сөзсіз. Өйткені заң жобасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қайшы келмеуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Еске салайық, 23 наурызда Қазақстанның мыңдаған азаматы Сенат пен Президентті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тартуға шақырды.

Түзетулер қабылданған жағдайда (заң жобасының 14-16 беті) Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Whatsapp және басқа да желілердің Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеуіне қауіп төнуі әбден мүмкін екені айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама