Алты адам қаза тапқан «Абай» шахтасында жұмыс тоқтатылды
Зардап шеккендердің барлығына заңнамаға және ұжымдық шарт талаптарына сай көмек көрсетіледі
8 қарашада «АрселорМиталл Теміртау» АҚ Көмір департаментінің ғимаратында жақында «Абай» шахтасында болған қайғылы оқиғаға арналған баспасөз конференциясы өтті.
ArcelorMittal компаниясының ТМД елдеріндегі бас директоры Виджай Гоял, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов БАҚ өкілдерімен кездесті.
Қазақстанға болған оқиғадан кейін бірден ұшып келген Виджай Гоял кездесуді қаза болғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздікпен бастады:
ArcelorMittal компаниялар тобының басшылығы мен қызметкерлерінің атынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Біз барлық мүмкіндікті жасаймыз және қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетеміз, - деді ол.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир 7 қараша күні таңертең жедел штабпен бірге өмірден өткен кеншілердің туыстары мен жақындарына қолдау көрсету үшін қабылданып жатқан іс-әрекеттер туралы хабарлау үшін қаза тапқандардың отбасына барғандығы жайлы айтып берді.
Кеше «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығымен бірге көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдерімен бірге алты отбасының барлығына көңіл айттық. Біз зардап шеккен кеншілерге қамқорлық жасаймыз. Қазір олар қалпына келуде, өз бетінше тамақтана алады. Барлық негізгі көрсеткіштер қалыпты, - деді Биджу Наир.
Компания басшылығы мәлімдегендей, зардап шеккендердің барлығына заңнамаға және ұжымдық шарт талаптарына сай көмек көрсетіледі. Жеке тәртіппен әр отбасыда бар несиелерді жабу, балаларды оқытуға қаражат бөлу және т.б. мәселелер шешілетін болады.
Қаза тапқан әрбір отбасыға жауапты қызметкер бекітілген. Олар ақпарат жинаумен айналысады және жақын арада атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұсына аламыз. Жерлеу және еске алу асын ұйымдастыру жөніндегі барлық мәселелер компаниямен шешіледі, - деп түсіндірді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов.
Осы қайғылы оқиғадан кейін «Абай» шахтасында тау-кен қазу бойынша жұмыстар тоқтатылды, тек болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі жұмыстар ғана жүргізілуде.