Halyq Uni логотип
×

«Әр қазаққа – бір кітап»: шетелдегі қандастарға 200 кітап тарту етіледі

«Altyn Qyran Foundation» шетелдегі қандастарға кітап сыйлау акциясын қолдады

 Айнұр Шошаева 19.04.2023 | 19:01
«Әр қазаққа – бір кітап»: шетелдегі қандастарға 200 кітап тарту етіледі
фото: Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоры «Әр қазаққа – бір кітап» акциясын қолдап, 200 кітапты тарту етті. Қазақ тіліндегі кітаптар қиырдағы қандастарға сыйға тартылады, деп хабарлайды Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен 2021-2022 жылдары аударылып, басылып шыққан 200 кітап тарту етілді. Оның ішінде Анджела Дакуорттың «Табандылық» атты бестселлері, жас қазақ прозашыларының «Дауыс» атты әңгімелер жинағы, Пол Винья мен Майкл Кейсидің «Блокчейн технологиясы» және Дон Тапскотт пен Алекс Тапскоттың «Криптовалюта дәуірі» атты еңбектері және бар.

«Біз блокчейн технологиясы туралы әлемдегі үздік 5 кітаптың 4-ін аудардық. Әрине, миллион қазаққа 1000-2000 дана жетпейді. Сондықтан бұл кітаптардың онлайн және аудио нұсқаларын жасауды жоспарлап отырмыз», - деді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов. 

Сондай-ақ ол қор соңғы 20 жылда 100-ден аса тарихи, әдеби, ғылыми-зерттеу кітаптарды басып шығаруды қаржыландырғанын атап өтті. Атап айтқанда, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын ағылшын, француз және швед тілдеріне аударып басты. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 11 томдық шығармалар жинағын, қазақ халқының басынан өткен зұлмат туралы «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты 3 томдық жинақты, Ахмет Кенесариннің «Насабнаме сұлтан Сыдық»  атты тарихи шығармасын және т.б. басып шығаруға қолдау көрсеттті.  

Бұдан бөлек, әлеуметтану, философия саласындағы әлемдік деңгейдегі озық шығармаларды қазақ тіліне аударып басуға бастамашы болды. 

«Осы кітаптардың ішінде біз 4 кітапты арнайы іріктеп, шет елдегі қандастарымызға тарту етіп отырмыз. Оларға рухани және интеллектуалды азық болады деп үміттенемін. Қордың миссиясы – рухани, интеллектуалды және бәсекеге қабілетті ұлттың дамуына жағдай жасау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса береді», - деді Исламбек Салжанов.

«Әр қазаққа – бір кітап» акциясы былтыр «Отандастар» қорының бастамасымен жарияланған болатын. Акция шетелде тұратын этникалық қазақтарға халқымыздың көркем әдебиетінен, тарихы және рухани мәдениетінен сыр шертетін кітаптарды жеткізуді көздейді. 

«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, акция басталған уақыттан бері 5 мыңға жуық кітап жиналған.

«Қазір 5 мыңға жуық кітап жиналды. Оның 3 мыңға жуығын ірі кәсіпкерлер тарту етті, қалғаны облыстық кітапханалар арқылы жиналды. Қазір Астанада ірі кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда волонтерлеріміз бар, кітап жинайды. Жалпы жиналған кітаптарды шетелде өтетін іс-шараларға апарып, тапсырамыз немесе шетелден келген қазақ мәдени ұйымдарының басшыларынан беріп жібереміз. Тарату бойынша шектеу жоқ, қай мемлекеттен сұраныс болса, сонда жібереміз. Көбіне Ресей, Моңғолия мен Өзбекстанға көп мөлшерде жіберіледі. Себебі ол жақтағы қандастардан сұраныс көп», - деді Абзал Сапарбекұлы.

Еске сала кетейік, «Әр қазаққа – бір кітап» акциясына кез келген қазақстандық қатыса алады. Акция аясында көркем әдеби, тарихи-мәдени және балаларға арналған оқулық кітаптар қабылданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама