Туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырған басшы парақорлықпен сотталды
Онымен қоса, туысқан қызметкердің де кінәсі сотта дәлелденді
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы Шымкент филиалының басшылығы мен қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы А. Арысбаев пен филиалдың еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы, сондай-ақ ҚТЖ ұлттық компаниясы Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің жетекші маманы Б. Арысбаева парақорлық үшін сотталды.
Олар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны үшін, сондай-ақ қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін жүйелі түрде 20 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін пара алған, - деп жазды Дәурен Ерғарин Facebook-те.
Сотталғандарға 200 мың теңгеден 13 млн теңгеге дейін (жалпы сомасы 18 млн теңгеден асады) айыппұл салынды әрі олар өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.