Оның мөлшерін мәслихаттар анықтайды
2024 жылдан бастап жабайы дәрілік өсімдікті пайдаланушылар салық төлейді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
«Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап орманды пайдаланғаны үшін төлемақы жаңа ережемен толықтырылды. Орман және өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы (Салық кодексі 69-тарау 6-параграф) қолданысқа енгізіледі.
Мысалы, бүгінде мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы (оның ішінде дәрілік өсімдіктер, жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер) объектілерге ғана салық салынса, келесі жылдан бастап салық салу объектілеріне осы аумақтан тыс жерде жиналатын өсімдіктердің жабайы түрлері де енгізілді, - деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік орман қоры аумақтарынан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жиналатын фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық қажеттіліктер үшін өсімдіктердің жабайы түрлері бойынша төлемдер өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ретінде қаралады. Өсімдіктердің жабайы түрлерін дайындау (жинау) кезінде төлемақы алынады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілетті органдары (мәслихаттар) өсімдіктердің жабайы түрлерін жинаудың 1 келісі үшін төлемақы мөлшерлемесін белгілейді әрі төлемақы сомасын есептейді. Өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібі мен өсімдік ресурстарын пайдалану құқығы жабайы өсімдіктерді дайындау (жинау) туралы төлемақы төленген және хабарлама жіберілген жағдайда беріледі, - деп жазылған хабарламада.
Өсімдіктердің жабайы түрлерін дайындауды (жинауды) жүзеге асыратын адамдар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20 күнінен кешіктірмей төлемақы сомасынан тең үлеспен өсімдіктерді дайындап, жинаған орны бойынша бюджетке төлемақы төлейді. Ол бойынша салық есептілігі ұсынылмайды.