Олимпиадаға жолдама алу үшін ұлттық құрама жасақталады

Дастан Жұмабекұлы

Алматыда спорттық гимнастикадан Спартакиада басталды

фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Алматы қаласында спорттық гимнастикадан Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасы басталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

Төрт жылда бір келетін бұл жарысқа 7 өңірден 40-тан аса ер адам, 8 өңірден 50-ге тарта әйел гимнаст қатысады. Командалар шеруінде Республикалық Спортты дамыту дирекциясының және облыстық спорт басқармасының өкілідері сөз сөйлеп, атлеттерге сәттілік тіледі.

Бүгін ерлер мен әйелдер іріктеу кезеңінде бақ сынаса, 20-21 сәуірде жекелей және көпсайыстан финал өтеді. Бұл Спартакиадаға еліміздің жастар мен ересектер құрамасының спортшылары қатысып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындығын пысықтайды.

Ел ішіндегі Олимпиадаға барлық жастағы ұлттық құрама спортшысы жиналды. Бәрі өз комбинацияларына жаңа элементтер қосып, жетілдіріп көреді. Мысалы, шымкенттік Диас Тойшыбектің қарқыны жақсы. Ол мұнда екі бағдарламада күрделі элементер істейді. Диас Спартакиададан соң бірден Әлем кубогында өнер көрсетеді. Бәрі ойдағыдай өтсе, Бельгиядағы әлем чемпионатына апарамыз, – деді Нариман Курбановтың жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Хусанжан Курбанов.

Қазір негізгі ұлттық құрама жасақталған. Жаттықтырушылар Спартакиададан соң екі құрама жасақтайды. Олар Қытайдағы Азия ойындарында ел намысын қорғаса, лидерлер күзде Бельгияда өтетін әлем чемпионатында сынға түседі. Антверпенде жеке бағдарламаның әр жеңімпазы мен үздік нәтиже көрсеткен 12 құрама Париж Олимпиадасына тікелей жолдама алады.

4 жыл бұрын Алматыда өткен спорттық гимнастикадан V Спартакиадада әйелдер арасында жалпы есепте Алматы қаласы бірінші орын алса, Қарағанды мен Астана командасы одан кейінгі сатыға жайғасқан. Ерлер арасында да Алматы қаласы топ жарса, Шымкент қаласы екінші, Павлодар облысы үшінші орынға ие болған.

Гимнастар бәсекесі қаладағы №9 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болып жатыр.