Ол қызметін 45 мың теңгеге бағалаған
Алматыда полиция Германия азаматына күшпен қызмет көрсеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
18 сәуірде Алматы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуе компаниясының Франкфурт – Алматы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматынан шағым түскен. Айтуынша, оны такси жүргізушісі әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген.
Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматыда тұратын 45 жастағы такси жүргізушісін анықтады.
Күдікті шетелдікке қоғамдық орында тиісіп, оған такси қызметін күшпен ұсынған. Осылайша, Германия азаматын халықаралық әуежайдан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін 45 мың теңге алған. Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді.
Құқықбұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 449-бабы 1-бөлігі («Қоғамдық орындарда тиісу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Германия азаматына ақшасы қайтарылды. Ол полицияға алғыс айтты.