Президент өңірдегі жастарды басқа салаға бейімдеу керегін атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста еліміздің батысында мұнай таусылса, аймақтағы ахуал күрделене түсетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет.
Мысалы, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа Жаңаөзендегі жарылыстың салдарын жою жұмысын тез арада бітіруді тапсырды.
Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады, - деді президент.