×

Желіде ШҚО-да қатты соққыға жығылған қыздың өз-өзіне қол жұмсап жатқан сәтінен видео тарады

2007 жылы туған қыз 7-қабаттан секірді. Қыз тірі қалды

 Халық үні 18.04.2023 | 23:47
Фото: tengrinews.kz

Желіде Шығыс Қазақстан облысында қатты соққыға жығылған қыздың өз-өзіне қол жұмсап жатқаны бейнеленген видео тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Видеоны редакцияның WhatsApp нөміріне оқырмандардың бірі жіберген. Қыз телефонмен өзін видеоға түсіріп, төмен секіретінін айтады. Ол мұны өз еркімен жасайтынын, оны бұл әрекетке итермелеп жатқан ешкім жоғын және ешкімді кінәламайтынын айтып, барлығынан кешірім сұрайды. Кейін видеодағы қыз көпқабатты үйдің балконынан секіріп кетеді.

«Шығыс Қазақстан облысында соққыға жығылған қыз өз-өзіне қол жұмсады деп жатыр. Мына ақпаратты тексере аласыз ба? Бұл жалған ба әлде шынымен солай ма?» деп жазды оқырман.

Бұл жағдайға байланысты Tengrinews.kz редакциясы Ішкі істер министрлігіне ауызша сауал жолдады. Бұл оқиғаның қашан, қай жерде болғанын, өз-өзіне қол жұмсаған қыз шынымен де Өскемендегі сауда орталығында қатты соққыға жығылған қыз ба, рас-өтірігін департаменттен сұрады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл дерек биыл ақпанда Алматыда болғанын хабарлады.

Одан әрі редакция Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдеріне хабарласып, бұл оқиғаның Алматыда болғанын және оның Шығыс Қазақстан облысындағы оқиғаларға еш қатысы жоғын растады. Сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыздың тірі қалғаны белгілі болды.

«Бұл дерек биыл ақпанда Жетісу ауданында болған. 2007 жылы туған қыз 7-қабаттан секірді. Қыз тірі қалды», - деді қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Еске салайық, сәуірдің басында әлеуметтік желіде өскемендік қыздың соққыға жығылған видеосы пайда болған еді. Видео дәретханада түсірілген, онда бір қыз екіншісін қатыгездікпен ұрады. Тағы бір қыз оқиғаның бәрін видеоға түсірген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама