Ақтөбеде мал іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам 3 күннен кейін табылды
Малын іздеуге шыққан ер адам адасып кеткен
Ақтөбеде мал іздеуге шығып, адасып кеткен 35 жастағы ер адам табылды. Ол үш күн бойы далада түнеген, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
16 сәуір күні сағат 18:15-те 112 құтқару қызметіне хабар түсті.
Онда Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан Жабасақ ауылы бағытына қарай мал іздеп шыққан адамның жоғалып кеткені айтылған.
«Бұл күндері ауданда дауылды ескерту жарияланған. Хабарламаға қарамастан ер адам жоғалған малын іздеуге шыққан. Сөйтіп адасып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына аудандық ТЖБ қызметкерлері, полиция бөлімі және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Жұмыс 3 күнге созылды. Нәтижесінде жоғалған азаматты құтқарушылар 18 сәуір күні сағат 10:45-те Ақсу қыстағынан 5 км қашықтықтан тапты. Құтқарушылар 35 жастағы ер адамды Толыбай ауылына жеткізді. Жағдайы тұрақты, медицина қызметкерлерінің бақылауында»,- делінген хабарламада.