Телеарнаның қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілген
Мемлекет басшысы «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президентке «Хабар» агенттігінің» қызметін заман талабына сай жаңғырту жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.
Онда агенттік қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қолдау шараларына, жаңадан құрылған облыстардың орталықтары – Жезқазған, Қонаев қалаларында меншікті тілшілер пункттерін ашуға қатысты мәселелер шешілгені айтылды, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ мемлекет басшысына «Хабар» агенттігін» техникалық тұрғыда жаңғырту жоспары, 2022-2023 жылдары АҚ құрамына кіретін телеарналарда қолға алынған ақпараттық, қоғамдық-саяси және танымдық жобалар жайлы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің атқарған жұмысын оң бағалап, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.