Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайындағы полиция бөлімінің бастығы ұсталды

Айнұр Шошаева

Жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда 165 қауіпсіздік қызметкері болған

көрнекі фото: kapital.kz

Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды күзетсіз тастап кеткені үшін Алматы халықаралық әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімеді.

Прокуратура өкілінің айтуынша, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының ҰҚК және полиция департаменттерін, Алматы әуежайының ғимараттарын тастап кету фактілерін тергеу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазір бұл органдардың басшылары күдікті ретінде танылды. 

«Сонымен бірге, Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы ұсталды. Ол өзінің қызметтік міндеттерін орындамады, әуежайды күзетсіз қалдырды. Осылайша, әуежайды басып алуға жол берді. Нәтижесінде әуежайға айтарлықтай зиян келтірілді, оның инфрақұрылымы бұзылды, кәсіпкерлердің мүлкі ұрланып, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнді», - деді Қилымжанов.

Оның айтуынша, әуежайда басқыншыларға тойтарыс беру үшін жеткілікті күш пен қару-жарақ болған.

«Сол кезде әуежайда 165 қауіпсіздік қызметкері, оның ішінде 40 полиция қызметкері, 65 шекарашы, 60 авиациялық қауіпсіздік қызметкері болған. Олардың барлығы да шабуылға тойтарыс беру үшін жеткілікті атыс қаруымен қамтамасыз етілген болатын», - деп толықтырды ол.