×

Былтыр қазақстандық ғалымдардың жобасын экспорттау арқылы 346 млн теңгеден астам табыс түскен

Жобалар Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады

 Ернар Сейтахмет 11.04.2022 | 15:17
көрнекі фото: malim.kz

Былтыр қазақстандық ғалымдардың 15 ғылыми жобасын экспорттаудан 346 млн теңгеден астам табыс түскен. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғалымдар ғылыми жобаларды халықаралық нарыққа шығару арқылы қосымша табыс алады. Ол жобалар Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады.

Қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен бірге медицина, нано және биотехнологиялар, жасанды интеллект, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі және экология саласындағы заманауи жобаларға қатысып жатыр.

Ғылыми жобалардың арасында кобальт-57 радиоизотопы, жел және күн энергиясын өндіретін генераторлар, саңырауқұлақтарға қарсы препарат, медициналық, тағамдық және тұрғын үй-жайларды санитарлық тазартуға арналған биологиялық өнімдер, сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер және т.б. бар.

Соңғы 2 жылда 130-ға жуық жоба қаржыландырылды. Бүгінде біз ғылымды қажет ететін 120 өндірісті іске қостық, оның 15-і өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Зияткерлік меншік авторлары мен ғылыми жобаларды пайдаланатын кәсіпорындар арасында 45 лицензиялық келісім жасалды, - деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым қоры басқармасының төрағасы Арын Орсариев.

«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының ғалымдары культуралдық вакцина өндіру технологиясын әзірледі. Бұл жоба үй және жабайы жануарлардың құтыру ауруының таралуын алдын алуға бағытталған. Бүгінде вакцинаны Грузияға жеткізілді.

Микробиология және вирусология институтының ғалымдары сарысу негізіндегі тағамдық құндылығы жоғары отандық сусын шығаруды қолға алды. Сусынның бүйрек пен бауырдың жұмысына, сондай-ақ бүкіл ішектің жұмысына пайдасы зор. Сонымен бірге ревматизмдегі қабынуды азайтуға көмектеседі, гипертония кезінде қысымды қалыпқа келтіріп, атеросклероз қаупін азайтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама