Келісім қос ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді
Қытай азаматтарының Қазақстанда визасыз 30 күн жүру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Сырты істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін «Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Қытай Үкіметтерінің визалық талаптардан өзара босату туралы келісім жобасы ашық талқылауға шығарылған еді.
Оның айтуынша, бүгінде Қытай азаматтары Қазақстанға визасыз 14 күнге келе алады.
Жаңадан жасалып жатқан келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың шетелдік сапарлардағы мобильдігін арттыру. Бұл келісім – бізге ұтымды. Себебі, Қазақстан азаматтары Қытайға визасыз бара алады.
(Коронавирус пандемиясындағы – автор) карантиннен кейін Қытай шекарасын ашып жатыр. Сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастық дамып жатыр. Сондықтан Қазақстан мен Қытай билігінің жоғары ықыласы осындай нәтиже берді, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ол жаңа келісім визасыз режимді 30 күнге создыруды көздейтінін атап өтті.
Келісім жобасының талабына сәйкес, Қытай азаматтары Қазақстан аумағына жеке туризм, емделу, халықаралық тасымалды жүзеге асыру, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсатпен бір немесе бірнеше келу, кету, уақытша болу үшін мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап, 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге оның ішінде жалпы алғанда 90 күнтізбелік күнге визалық талаптардан босатылады.
Шетелге азаматтықтарға осы визасыз режим шеңберінде еңбек және өзге де ақы төленетін қызмет істеуге тыйым салынады, - деді СІМ-нің ресми өкілі.
Оның пікірінше, қос ел арасындағы келісім инвестициялық ахуалға оң әсер етеді.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді өзара ырықтандыру инвестициялық қызметтің прогрессивті-құқықтық базасын құруға, Қытайға да, Қазақстанға да іс-сапарлар үшін тұрақты және болжамды жағдайды қамтамасыз ету арқылы инвесторларды қолдауға бағытталған тағы бір қадам болды», - деді Смадияров.
Айта кетейік, Kazakh Invest ұлттық компаниясының дерегінше, Қазақстанға тартылған жалпы тікелей инвестицияның деңгейі бойынша Қытай 7-орында тұр.
2022 жылы ҚХР елімізге 1,4 млрд доллар инвестиция құйған.