Ол қаржы полициясы және экономикалық тергеу органдарының зейнеткері біліктілік сыныбынан да айырылды
ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі бойынша «Резерв» ШЖҚ РМК-нің басшысы Б.Оңайбаевты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жедел жете тексеру барысында оның 2022 жылы мамырда кәсіпкердің коммерциялық қызметіне жалпы қамқорлық жасағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алуға қатысы бары анықталды.
Қылмыстық іске қатысушының делдал арқылы беріліп отырған заңсыз ақшалай сыйақыны алу кезінде астыртын әрекет етудің жоғары шараларын қолдағаны атап өтілді.
Нәтижесінде, 2023 жылғы 16 наурызда сот шешімімен Б.Оңайбаев мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша 9 млн теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жазамен сотталды.
Сондай-ақ Б.Оңайбаев «2-санатты» (подполковник әскери атағына теңестіріледі) қаржы полициясы және экономикалық тергеу органдарының зейнеткері біліктілік сыныбынан айырылды.