2017-2019 жылдары анықталған бұзушылықтар бойынша мекемеге салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асты
Ірі салық төлеушілерге қатысты жүргізіліп жатқан салықтық әкімшілендіру шеңберінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ының 2019 жылға корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасын төмендеткендігі анықталды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Камералдық мониторинг жүргізу кезінде нақты есептелген корпоративтік табыс салығының мәлімделген аванстық төлемдер сомасынан 20%-дан асып кетуі анықталды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК 278-бабының 3-бөлігі бойынша 1,2 млрд теңгеден аса айыппұл көлемінде әкімшілік материал толтырылды.
Биыл наурызда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ апелляциялық шағымын қарау барысында Қарағанды облыстық соты департаменттің дәлелдерін қолдады және әкімшілік айыппұл күшінде қалды.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың қараша айында департамент қызметкерлері 2017 жыл үшін осындай бұзушылықты анықтаған болатын. Бюджетке 1,3 млрд теңге көлемінде айыппұл толық көлемде өндірілді.
2017-2019 жылдары анықталған бұзушылықтар бойынша айыппұлдың жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асты.