Президент БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісін қабылдады
Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу перспективалары талқыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаны қабылдады, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.
Мемлекет басшысы жоғары лауазымды дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан оның бұл сапары маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы нақты іс-әрекеттердің маңызды бағыттары, соның ішінде Орталық Азия бойынша Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталық аясындағы мәселелер талқыланды.
Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу перспективаларына ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Мирослав Енча Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық деңгейіне, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға жоғары баға берді.
Бұдан бөлек, олар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке сәлемін жолдады.