Сотталғандар түрме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне терминал арқылы шағымдана алады

Динара Амантай

Электрондық форматта 8 мыңнан аса өтініш берілген

Фото: Halyq Uni

Түзеу мекемелеріндегі цифрландыру сотталғандардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратураның бастамасымен пенитенциарлық жүйенің барлық мекемелерінде электрондық өтініштер терминалдары орнатылып жатыр. Осы жаңашылдықты іске асыру шеңберінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті сотталғандарға мекеме әкімшілігінің бақылауынсыз өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті органдарға жүгінуге мүмкіндік беретін функционал әзірледі. Қазір бейне хабарлама функциясы енгізіліп жатыр.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, үш жылдың ішінде сотталғандар электрондық форматта 8 мыңнан аса өтініш берген.

Терминалдарды орнату жазасын өтеушілерге мекеме әкімшілігінсіз шағымдар мен өтініштер жіберуге, оның қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымдануға мүмкіндік береді.

Мысалы, сотталған Н. осы терминал арқылы Бас прокуратураға мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері, негізсіз тәртіптік жаза қолдану және ҚР ҚК-нің 428-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тікелей хабарлай алды.

Қазір терминалдар санын және оларды қолдану аясын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл процесті цифрландыру жабық мекемелердегі азаматтардың құқықтарын заңсыз әрекеттерден қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.