Жыл басынан бері сотқа 2 мыңнан аса өтініш түскен
Конституциялық сотқа қай өңір тұрғындарының жиі өтініш жіберетіні белгілі болды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Биыл 4 қаңтардан бастап осы күнге дейін қазақстандықтардан 2 386 өтініш түсті. Оның ішінде «Конституциялық сот туралы» конституциялық заңның талабына сәйкестігі бойынша 358 өтініш алдын ала қаралып жатыр. Судьялардың зерделеуіндегі өтініш саны 34-ке дейін артқан, – деп жазылған хабарламада.
Өңірлерден келіп түскен өтініштер апта сайын талданады.
Нәтижесінде өтініштердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларынан, Қостанай, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан түсетіні белгілі болды. Өтініш берушілер соттардың шешімдерін қайта қарау – 43%, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету – 3,6%, еңбек және зейнетақы заңнамасы шеңберінде құқықтарын қорғау – 2%, қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы құқықтарды қорғау – 1,4% және тағы басқа жөнінде шағымданған. Нормативтік құқықтық акті немесе оның жекелеген ережелерін Конституцияға сәйкес емес деп тану мәселелері бойынша 22% өтініш түсті.
Бұл мәселе бойынша тұрғындар Конституциялық сотқа жиі жүгінеді. Биыл 1 қаңтардан бастап Конституциялық сот 8 нормативтік қаулының ішінен қазақстандықтардың өтініші бойынша 5 нормативтік қаулы шығарды», – деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, Конституциялық сот Салық кодексінің, Қылмыстық-атқару кодексінің, мемлекеттік қызмет, зейнетақымен қамсыздандыру және қылмыстық іс жүргізу кодексі саласындағы заңдардың, Әлеуметтік кодекстің және әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңның жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексерді.