Жалпы көлемі 5 403 тонна негізгі гуманитарлық жүк теміржол көлігімен жеткізілді
Кеше премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин гуманитарлық және сауда миссиясымен Кабулға барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Дәрі-дәрмек қораптары әуе жолы арқылы, ал жалпы көлемі 5 403 тонна (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол көлігімен жеткізілді.
Гуманитарлық көмек азық-түлік өнімдерінен (сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық) тұрады.
Президент тапсырмасы бойынша біз Қазақстан халқы атынан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін келдік. Біздің гуманитарлық миссиямыз қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр. Осынау мұсылмандар үшін берекелі уақытта баршаға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз, – деді Серік Жұманғарин.
Ауғанстанға сапары аясында ол Сауда және өнеркәсіп, Сыртқы істер, Байланыс және телекоммуникация министрлерінің, вице-премьер міндетін атқарушы Абдул Гани Барадармен кездесті.