Halyq Uni логотип
×

«Бесқонақ»: синоптиктер 14 өңірде дабылды ескерту жариялады

Бүгін Астанада жаяу бұрқасын, 15-20 м/с екпінді жел соғады

 Еркеғали Болатұлы 16.04.2023 | 11:00
«Бесқонақ»: синоптиктер 14 өңірде дабылды ескерту жариялады
фото: ашық дереккөз

«Қазгидромет» РМК 16 сәуірде ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады.

Қостанай облысының оңтүстік жартысында жауын-шашын күтіледі, кей уақытта қатты жауын-шашын (көбінесе қар), жаяу бұрқасын, көктайғақ, тұман болады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде екпіні – 23 м/с, күндіз оңтүстігінде 23-28 м/с жетуі ықтимал.

Қарағанды облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Күндіз облыстың шығысында найзағай ойнап, солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады. Жылдамдығы – 15-20 м/с.

Ұлытау облысының басым бөлігінде күші 15-20 м/с құрайтын жел соғады.

Қызылорда облысының солтүстігінде, оңтүстігі мен орталығында найзағай, дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, облыс орталығында жылдамдығы 23-28 м/с артады.

Астана қаласында жаяу бұрқасын, 15-20 м/с екпінді жел болжанады.

Ақмола облысында жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында тұман болады. Желдің екпіні – 15-20 м/с.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.

Түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман болады. Түнде 1-6 градус үсік күтіледі. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде, шығысында, күндіз облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.

Түнде Ақтөбе облысының басым бөлігінде, күндіз шығысы мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын болжанады. Облыстың шығысында көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы кей уақытта 23 м/с күшейеді.

Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында солтүстіктен жел соғады, түнде екпіні 23 м/с жетуі ықтимал.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі.

Күндіз Жетісу облысының таулы аудандарында найзағай, бұршақ болжанады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігі мен шығысында екпіні кей уақытта 23-28 м/с жетеді.

Күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. 17 сәуірде түнде облыстың солтүстігінде, батысында, таулы аудандарында жауын-шашын, облыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбырдың соңы қарға ұласады) болады. 16 сәуірде өңірдің солтүстігінде, батысы мен таулы аудандарында найзағай ойнап, солтүстігінде шаңды дауыл тұрады. 17 сәуірде облыстың таулы аудандарында тұман болады, желдің екпіні 23-28 м/с құрайды, тау асуларында 30 м/с және одан жоғары болуы ықтимал. 17-20 сәуірде түнде облыстың солтүстігі мен таулы аудандарында 2 градус үсік күтіледі.

17 сәуірде түнде Жамбыл облысында жауын-шашын, облыстың оңтүстігінде қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) күтіледі. Өңірдің оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман, көктайғақ болады. Екпіні 23-28 м/с жетуі ықтимал. Күндіз 16 сәуірде, тәулік бойы 17 сәуірде күші 30 м/с және одан жоғары болуы мүмкін. 17-21 сәуірде түнде облыстың солтүстігінде, таулы аудандарында 1-3 градус үсік жүреді.

Еске сала кетсек, елімізде сәуірдің ортасына қарай күн салқындап, жаңбыр, тіпті, қар да жауып жатады. Мұны халық «Бесқонақ» немесе «От амалы» деп атайды. Оның басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Бір жерде бұл құбылыс 17-23 сәуір аралығында болса, басқа бір өңірде сәуірдің 8-інде кіріп, 18-інде шығады деп болжанған. «Бесқонақ» келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған далада кенет жаңбыр жауып, қар борап кетеді. Күн суытып, қыс қайта басталғандай әсер де болады. «Бесқонақ» күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын. Жалпы, бұл «Бесқонақ» жауын-шашынсыз, тып-тыныш өтсе, ол жаман ырымға баланады. Өйткені жазда жаңбыр аз болып, астықтың дұрыс шықпауы ықтимал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама