Теннистен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды
Елена Рыбакина Магда Линетті 6:4, 6:2 есебімен ұтты
Астанадағы теннистен өткен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Польша командаларының матчында еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина қарсыласы әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетті ұтты.
Кеше 2:0 есебімен алға шыққандықтан, Қазақстан құрамасына командалық әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір ғана жеңіс жеткілікті еді.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған кезде Рыбакина брейк жасап, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жібермей, есепті 6:4-ге жеткізді.
Екінші сетте отандасымыз 2:0 есебімен алға шыққанымен, Магда Линетт таразы басын теңестірді. Дегенмен, Рыбакина екі брейк жасап, бірінші матчболын пайдаланып, 6:2 есебімен ұтты.
Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 3:0 есебімен алға шығып, екінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Рыбакина мен Линеттің ойыны 1 сағат 24 минутқа созылды. Осыдан кейін жұптық сында Анна Данилина мен Юлия Путинцева Алисия Росольская мен Вероники Фальковскаға қарсы ойнады. Бұл ойын Қазақстан теннисшілері қарсыластарын үш ойында 3:0 есебімен жеңгеннен кейін ештеңені шешпеді. Дегенмен поляктар жұптық сында жеңіске жетті.
Астанаға Польша құрамасының көшбасшысы, әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек келе алмады. Ига биыл Дохадағы турнир кезінде алған жарақатын Индиан-Уэллсте асқындырып алуына байланысты бірқатар ірі турнирлерге қатыса алмайтынын айтты.
Енді Испания мен Мексика, Украина мен Чехия, Ұлыбритания мен Франция, Канада мен Бельгия, АҚШ пен Австрия, Словакия мен Италия, Германия мен Бразилия, Словения мен Румыния командалары әлем чемпиоантына жолдама алу үшін бір-бірімен кездеседі.
Қазір финалдық кезеңде былтырғы әлем чемпионы Швейцария мен финалист Австралия құрамасы қарсыласын күтіп отыр. Ал жеңілген құрамалар биыл қарашада плей-офф сатысында бақ сынайды. Былтыр Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионаты аталып кеткен бәсекенің финалдық кезеңінде С тобында Испания мен Ұлыбритания құрамасымен ойнаған.