Halyq Uni логотип
×

Алматы облысында көз жұмған екі оқушыға қатысты жаңа деректер айтылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыстық білім басқармасына мәселені толық бақылауда ұстауды тапсырды

 Халық үні 15.04.2023 | 20:47
Алматы облысында көз жұмған екі оқушыға қатысты жаңа деректер айтылды
фото: sputnik.kz

Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова Кеген ауданында оқушылар арасындағы әлімжеттік салдарынан көз жұмған екі балаға қатысты мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Кеген ауданы Саты ауылында 11 сәуірде сағат 23:00 шамасында қайғылы оқиға болды. Кәмелет жасына толмаған 11-сынып оқушы Бақыт Әлішер 10-сыныптың балаларын өзен жағасына шақырып, кеуделеріне бір-бір соққыдан жасаған. Мирас Әскербай сол жерде есінен танып құлап, жан тапсырған. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жасөспірімнің қазасының себебін анықтауға қатысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр», - деді Г. Исағұлова Оқу-ағарту министрлігіндегі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиында.

Оның айтуынша, күдікті Б. Әлішер 7-сыныптан бастап 9-сынып аралығында Талдықорғандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп-интернатында білім алған. Отбасындағы жағдайға байланысты ауылға қайтадан келген. Қазір бұл бала үйқамаққа шығарылды.

Сонымен қатар, білім басқармасының өкілі дәл сол ауылда көз жұмған екінші оқушыға қатысты мәліметті жариялады.

«13 сәуір күні сағат 00:00-ге қарай Саты ауылында орта мектептің 10-сынып оқушысы Дастан Байтұрсын тұрғын үйдің ауласындағы мал қорасында асылып, қайтыс болды. Бала әкесіне малға шөп саламын деп, үй ауласына шығып кеткен. Кейін баланың асылып қалғанын анасы көрген. Қазір осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді Гүлсара Исағұлова.

Оның сөзіне қарағанда, Мирас пен Дастан мектепте жақсы оқыған.

«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Білім басқармасы тиісті комиссия құрып, тексеру жүргізді. Осы орайда, арнайы іс-қимыл жоспары жасалып, барлық құрылымдық мекемелерге, құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Саты ауылында орта мектеп директорына, оның тәрбие жөніндегі орынбасарына, сынып жетекшісіне тәртіптік шара қолданылды», - деді басқарма өкілі.

Бүгін онлайн режимде өткен жиын барасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыстық білім басқармасына мәселені толық бақылауда ұстауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама