Жарылысқа қатысы бар ер адам ұсталды
Вакаяма қаласында Жапония премьер-министрі Фумио Кисида сөз сөйлеп жатқан жердің жанында жарылыс болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Шамамен сағат 11:30-да (GMT 5:30) премьер-министр Фумио Кисида Вакаяма қаласындағы Сайгасаки балық аулау портын тексеруді аяқтады және көпшілік алдында сөз сөйлеуі керек еді, бірақ оның алдында қатты жарылыс дыбысы естілді, – делінген NHK арнасы таратқан хабарламада.
Телеарнаға куәгерлердің айтуынша, премьер-министр мінберге шыққан кезде бір жас жігіт оның бағытына «цилиндрлік қара затты» лақтырып жіберген. Осыдан кейін полицейлер ер адамды ұстаған, ал бірнеше секундтан кейін сол жерде жарылыс болып, түтін шыққан.
Премьер жоспарланған шарадан бас тартып, Вакаяма префектуралық полициясының штаб-пәтеріне кетті. Алайда кейінірек Кисида жергілікті теміржол бекетіне барып, сол жерде сөз сөйледі.
Оқиғадан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын, - деді Кисида.
Алдын ала мәлімет бойынша, болған жайттан ешкім, оның ішінде саясаткер де зардап шеккен жоқ.