×

Смайылов Ұлытау облысында инвестициялық жобалар санын арттыруды тапсырды

Үкімет басшысы Ұлытау облысының дамуына қатысты кеңес өткізді

 Динара Амантай 15.04.2023 | 11:50
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеңесте түрлі өнеркәсіп салаларын нығайту, тұрғын үй, медициналық мекемелер, автожолдар салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жылу, газ, электр жүйелерін жаңғырту, сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-министр халықтың табысын арттыру бағаның өсуімен тікелей байланысты екеніне тоқталды. Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің тек үшеуі ғана өндіріледі.

Соның салдарынан облыстағы азық-түлік тауарларының басым бөлігінің бағасы Астана мен Алматы қалаларына қарағанда жоғары. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысты реттеу және бақылау шараларын қолдана отырып, кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Облыстың ішкі нарығын толықтыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сақтауға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды іске асыру арқылы жасауға болады, — деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелердің бірі, әсіресе, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осы мәселені шешу үшін былтыр Үйтас-Айдос жерасты сулары кен орнының сорғы стансасын реконструкциялау басталды. Жоба 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл көптен бері бітпей келе жатқан – Есқұла су құбырының құрылысы аяқталады.

Әлихан Смайылов өткен жылыту кезеңінің күрделі болғанын, сондай-ақ Жезқазғанның даму перспективаларын ескере отырып, жылумен қамту нысандары мен желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруі тиіс.

Жоғарыда аталған іс-шараларды қаржыландыру үшін осы жылдың басынан бастап, 3 жыл ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Сондықтан, белсенді түрде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың осал топтарын қолдау үшін нақты шаралар қабылдау қажет, — деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов инвестициялық тартымдылықты және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша жұмыстарды күшейтіп, облысты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында – мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыруды жеделдетуді, сондай-ақ 2020-2021 жылдары басталған Жезқазғандағы және Жаңаарқа ауданындағы білім беру нысандарының құрылысын аяқтауды тапсырды. 

Сонымен қатар премьер-министр өңірде халықаралық мемлекеттік техникалық университет ашу, мемлекеттік сатып алулардың тиімділігін арттыру және Жезқазған мен Шымкент арасында әуе қатынасын ұйымдастыру мәселелерін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама