Теннистен Қазақстан құрамасы Польшамен матчта алға шықты
Рыбакина мен Путинцева қарсыластарын ұтты
Астанадағы Ұлттық теннис орталығында теннистен Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Польша арасындағы матч болды.
Кортқа алғашқы болып Қазақстаннан әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева мен Польша құрамасынан дүниежүзілік рейтингте 19-орында тұрған Магда Линетт шықты.
Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның бесеуінде Магда Линетт жеңіске жеткен еді.
Бірінші партияда поляк спортшысы 4:0 есебімен алға шықты. Содан кейін ғана Юлия Путинцева есепті қысқартты. Есеп – 2:4. Магда Линетт есеп 5:2 болып, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін Путинцева есепті 7:5-ке жеткізді.
Путинцева қатарынан жеті геймді жеңіп, екінші сетті де сәтті бастады. Есеп – 2:0. Содан кейін ол тағы бір брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізгенмен, Линетт сол бойда есепті қайта қысқартты. Дегенмен Путинцева бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді. Есеп – 6:3. Осылайша, Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.
Одан кейін Қазақстанның жекелеген сындағы бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 253-сатыда тұрған Вероника Фальковска кездесті. Бұл ойында Рыбакина қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен ұтты.
Қазақстан екі ойынның нәтижесінде 2:0 есебімен алға шықты.