Мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлықтың салдары түсіндірілді
Пара алғандар мен бергендер мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде (ИИДМ) жемқорлықтың салдары мен заңға енгізілген өзгерістер түсіндірілді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрліктегі қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру үшін арнайы семинар-лекция ұйымдастырылды.
Іс-шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Мирас Қарғабай соңғы жылдары заңға енгізілген жаңашылдықтар мен пара берудің салдары туралы айтты.
2019-2020 жылдары Қазақстанда жемқорлық дерегін азайту үшін заңға біраз өзгеріс енгізілді. Мысалы, саяси мемлекеттік тұлғалардың қарамағындағы қызметкерлер парамен ұсталса, оған тікелей жауапкершілік қарастырылған. Квазимемлекеттік ұйымдарда комплаенс қызмет жолға қойылды, - деді Мирас Қарғабай.
Ол жемқорлық дерегін тиісті органдарға хабарлағаны үшін қазақстандықтарға сыйақы берілетінін еске салды.
Осыған дейін шартты түрде мерзімнен бұрын босату туралы заңда норма болған. Қазір жемқорлық дерегімен сотталатындарға бұл талап қарастырылмайды. Сонымен қатар жемқорлық туралы хабарлағандардың құқығын қорғау үшін біраз заңға өзгеріс енгізілді: түскен ақпараттың құпиялылығын сақтауға байланысты тетік жетілдіріліп жатыр, - деді антикор қызметкері.
Семинарда ИИДМ Аппарат басшысы Ерболат Мұқаев ұлттық экономикадағы нақты сектордың 60%-ы ведомствоның қарамағында екенін атап өтті.
Бүгін министрліктің құрамында 7 комитет пен 20 департамент бар. Онда 1300-ден аса адам жұмыс істейді. Сондай-ақ ведомствоға қарайтын 19 ұйымда 20 мың адам тер төгіп жүр.