Өскеменде түрмеде оқ атылды
Белгісіз біреу түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтырған
Өскеменде түрмеде №6699 әскери бөлімінің қызметкерлері оқ атуға мәжбүр болды. Бұл туралы Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқыс оқиға 14 сәуірге қараған түні сағат 00:21 шамасында болған.
Өскемендегі №16 түзеу мекемесіне белгісіз біреу тыйым салынған заттарды (ұялы телефон мен SIM-карта) лақтырып жіберген. Сол сәтте түрмедегі 3 сотталған адам оны алуға тырысқан. Мұны көрген №6699 әскери бөлімінің 2 сарбазы оларды ұстамақ болған. Алайда сотталғандар оларға қарсылық көрсеткен, - деді Бағдат Амангелді.
Оның айтуынша, жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген түрме сақшысы оқ атуға мәжбүр болған.
Ол «Тоқта! Артқа шегін! Тоқта, атамын!» деп айқайлап, автоматпен аспанға оқ атқан. Сотталған адам содан кейін ғана артқа шегінген. Сотталғандар дереу ұсталды, - деді Ұлттық ұлан өкілі.