Биыл колледждерге қосымша білім беретін орын 50 мыңға дейін артады
Өткен жылдан бастап жұмыспен қамтитын кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау енгізілді
Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар саны 130 мың адамға жетеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің хабарлауынша, жаңа оқу жылынан бастап сұранысқа ие мамандықтарға қатысты тегін техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты республика бюджетінен 50 мың орынға көбейту жоспарланған. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар саны 130 мың адамға жетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс 50%, 2025 жылға дейін 70% ұлғайтылды. Бүгінде 52 мыңнан аса студент электротехника және энергетика, электроника және автоматтандыру, механика және металл өңдеу, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану секілді бағыттарды таңдады, - деді департамент директоры Ернат Жүнісов.
Еске сала кетсек, былтырдан бастап жұмыспен қамтитын кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау енгізілді. Мәселен, 2022 жылы кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың студент қабылданды. Биыл тағы қосымша 10 мың студентті қабылдау жоспарланған. Жалпы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер шәкіртақы, тамақ және жол ақысымен қамтылған.