Астанада заңсыз жүрген 24 шетелдік ұсталды
Олар елден шығарылатын болады
Елордада полиция заңсыз жүрген 24 шетелдікті ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
10-14 сәуір аралығында тәртіп сақшылары қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонды болдырмау үшін «Елден шығарылғандар» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр.
2 күнде полицейлер сот шешімін орындамай, Қазақстанда заңсыз жүрген 24 шетелдікті анықтады. Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 14 шетелдік 30 тәулікке қамауға алынды. Содан кейін олар елден мәжбүрлеп шығарылатын болады. 10 шетелдік елордалық әуежайға жеткізілді. Олар да Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылады.
Полицейлер елден шығару туралы шешімді орындамау қылмыс болып саналатынын, оның салдары болатынын ескертті.