×

Шымкентте 8 мың бала үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады

Оқу орындарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсарып жатыр

 Динара Амантай 13.04.2023 | 17:34
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Шымкентте 8 мың бала білім берудің жол картасы аясында үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы аясында биыл мамыр айында «Оқушылар сарайы» мен «Өнер мектебі» пайдалануға берілетін болды. Жаңа нысандар Шымкент қаласының тағы 8 мың баласын тегін қосымша біліммен қамтиды.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, оқу орындарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсарып жатыр. 141 мектепке 320 интерактивті панель, химия және биология кабинеттері сатып алынды. Нәтижесінде пәндік кабинеттердің үлесі 72%-дан 85%-ға өсті. Сонымен қатар 4 мектеп аумағында типтік спорт алаңдары салына бастады. №65, 8, 45 мектептердің қосымша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің соңғы үлгідегі қосымша құрылысы да маусым айында бітеді.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласының білім беру жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы балалардың қауіпсіздік мәселелерін де қамтиды. Оны іске асыру үшін бейнебақылау жүйелері, турникет, Жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелерімен жабдықтау 100% орындалды. Бүгінде қаланың барлық мектептері I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама