×

Медпойыз еліміздің шалғай станцияларына қайта жолға шығады

Өткен жылы 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдеу-консультациялық қызметін ала алды

 Динара Амантай 13.04.2023 | 16:16
Фото: egemen.kz

26 сәуірде Алматы-2 станциясынан «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шығып, 6 желтоқсанға дейін қатынайтын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық пойыз бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. «Медициналық пойыздар» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – «Әлеуметтік жобалар» Корпоративтік қорымен ынтымақтастықта іске асырады.

Денсаулық пойыздарының ең шалғайдағы станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмекті алуға мүмкіндік беретіні дәстүрге айналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдеу-консультациялық қызмет ала алды. Оның ішінде 21 867 бала да бар. Бұл ретте 5 097 адамға шағын оталар жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, медициналық пойыз мамандары 59 балаға циркумцизио (сүндеттеу) жасады.

Медициналық пойыздарда дәрігерлік қабылдаулар саны 389 388-ге жетті. Республика бойынша маршруттың жалпы ұзындығы – 22 009 шақырым.

Биыл шалғайдағы станциялардың тұрғындары қайтадан білікті мамандардан: терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқалардан тегін тексеруден және емдеуден өтуге мүмкіндік алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталады.

Медпойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалды.

«Медициналық пойыздар» жобасы бірнеше рет әлеуметтік жауапкершілік конкурстарының жеңімпазы атанды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама