Halyq Uni логотип
×

Елдің намысын қолдан бермейміз – Рыбакина

Польша құрамасының өкілдері Қазақстанның өте қиын қарсылас болатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 13.04.2023 | 14:30
Елдің намысын қолдан бермейміз – Рыбакина
фото: Қазақстан теннис федерациясы

Астанада теннистен Билли Джин Кинг Кубогы (Billie Jean King Cup) үшін іріктеу кезеңіне қатысатын Қазақстан мен Польша командаларының матчы алдында жеребе тартылып, одан кейін қос ел құрамаларының қатысуымен брифинг өтті. Оған Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов пен екі елдің теннисшілері қатысты.

Жеребе тарту рәсімінде белгілі болғандай, ертең болатын жекелей кездесуде Юлия Путинцева Магда Линеттемен, Елена Рыбакина Вероника Фальковскамен күш сынасады. Келесі күні теннисшілер қарсыластарымен алмасады. Одан кейін жұптық сында Анна Данилина мен Гөзал Айнитдинова Вероника Фальковска мен Алиция Росольскаямен ойнайтын болады. Осы матчта Қазақстан жеңіске жеткен жағдайда өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығады.

Баспасөз мәслихатында Польша құрамасының өкілдері Қазақстанның өте қиын қарсылас болатынын, оның құрамында тәжірибелі де өте қолайсыз қарсыластардың бар екенін айтты. Қазақстанның сапында Уимблдон-2022 турнирінің чемпионы Елена Рыбакина, топырақ төсенішінде тамаша ойнайтын Юлия Путинцева бар. Оған жұптық сынның шебері, Australian Open турнирінің финалисі Анна Данилинаны да қосуға болады.

Қазақстан өз алаңында ойнайтындықтан, басымдыққа ие. Бірақ біз осы матчқа ойдағыдай дайындалып, жеңіс үшін барымызды саламыз, - деді Польша командасының лидері Магда Линетт.

Осыдан кейін Қазақстан құрамасы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы ойын туралы ойларын айтты. Кездесуде осы матчқа қатысуға шетелден келген Қазақстанның жекелеген сындағы бірінші және әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина да болды. Ол сейсенбі күні елге келген бетте командаластарымен бірге Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында топырақ төсенішіндегі кортта алдағы бәсекеге дайындықты бастап кеткен болатын.

Жиында Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова мен Елена Рыбакина, команданың басқа да мүшелері Польшамен ойынға дайындықтың тиісті деңгейде болғанын, 14-15 сәуірде ұлттық құрама қарсыластарын жеңу үшін барын салып өнер көрсететінін атап өтті.

14 сәуірде жекелей сында екі ойын өтсе, 15-інде екі жекелей, бір жұптық кездесу жоспарланған. Біз үйде ойнаймыз. Жанкүйерлердің қолдауын күтеміз. Бұл кездесулер Қазақстан құрамасына оңай болмайды, – деді Ярослава Шведова.

Оның айтуынша, Польша – командалық ойында жақсы ойын өрнегін көрсететін құрама. Сондықтан командаға қарсыласын қалпақпен ұрып аламыз деп босаңсып ойнаудың қажеті жоқ. Олар матчқа тыңғылықты дайындалған. Сонда да қателік жібермей ойнауы керек.

Ал Рыбакина бүгін президентпен кездесудің өте жақсы өткенін, мемлекет басшысы оған сағат пен орамал бергенін, бұған дейін қатысқан турнирлерде елдің намысы үшін қолынан келген жағдайдың бәрін жасағанын, осы жолы да аянып қалмайтынын айтты.

Қазір әлемде мықты теннисшілер көп. Барлық елдер спортшыларына лайықты жағдай жасап келеді. Біздің елде де қолына ракетка ұстаған азаматтарға тенниспен ойнауға, жарыстарға қатысуға тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Мені отбасым да үнемі қолдап келеді. Әрине, жеңіспен бірге жеңіліс те қатар жүреді. Бұрын ұтылып қалғанда теннисті тастап кетемін деген де ойлар болған. Алайда турнирдің финалына шыққанда алға мақсат қойып, күш-қуат алып, жарысты жалғасыра беремін. Польшамен ойынға келсем, бұл матчтың қызықты және тартысты болатыны сөзсіз. Қарсыластарымыз осал спортшылар емес. Олар шама келсе, жеңіс үшін ойнауға тырысады. Бірақ біздің қыздар оларға мүмкіндік бермейді деп ойлаймын. Өзім ойынға жақсы дайындалдым, - деді ол.

Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде бұрынғыша тізімдегі жетінші орнын сақтап қалды. Ал WTA чемпиондық кестесінде ол екінші сатыда тұр. Сондай-ақ Польшамен матчқа қатысатын Юлия Путинцева әлемдік рейтингте 47-ден 45-ке көтерілді.

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 26-орнын сақтап қалса, Жанель Рүстемова 972-сатыға шықты.

Сонымен бірге Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова мен Аружан Сағындықова да рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты. Бұл қыздар да ертең болатын матчқа қатысады.

Ал Елена Рыбакина соңғы кезде теннистегі нәтижелерін жақсартып келеді. Мысалы, ол жақында АҚШ-тың Майами штатында өткен WTA 1000 турнирінің финалында чехиялық Петра Квитовадан жеңілгеніне қарамастан, әлемдік теннистің тарихында рекорд жасады. Ол WTA 1000 санатындағы бір турнирде 70-ке жуық эйс жасаған алғашқы теннисші атанды.

Рыбакина Анна Калинскаямен матчта 14, Паула Бадосамен ойында 12, Элизе Мертенспен және Мартина Тревизанмен кездесуде 10, Джессика Пегуламен бәсекеде 11 және Петра Квитовамен финалда 12 эйс жасады. Теннисшінің Майамидегі турнирде жасаған эйстерінің жалпы саны 69 болды. Бұған дейін бірде-бір теннисші мұндай жетістікке жетпеген. Сондай-ақ Елена Рыбакина финалда 650 рейтингтік ұпайға ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама