Қазақстанда енді арнайы таңбаланбаған аяқ қиімдер сатылмайды

Динара Амантай

Саладағы өндірістік динамика 88%-ға артқан

Фото: Halyq Uni

Осы айдан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері күшіне енді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, кейінгі деректер бойынша биыл наурызда 6 145 348 аяқ киім таңбаланып, бұл ақпан айындағы көрсеткіштен 80%-ға (3 365 438) жоғары. Сонымен қатар 2022 жылмен салыстырғанда тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіндегі бизнестің белсенділігі 46%-ға ұлғайғаны байқалып отыр.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде аяқ киім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері толық күшіне енді. Демек бұдан былай тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелмеген аяқ киімді сатуға тыйым салынады.

Міндетті таңбалау процесіне алдын ала дайын болу үшін кәсіпкерлерге екі жылдан аса уақыт берілді: 2019 жылдың 30 маусымында қанатқақты жоба іске қосылса, 2021 жылдың 1 қарашасында аяқ киімді таңбалау ережелері бизнеске көптеген жеңілдігі қарастырылған заңнамалық ережеге айналды.

Тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесінің негізгі мақсаты – Қазақстанда ашық сауданы дамыту. Жоғарыда аталған ақпараттық жүйеде (ТТҚ АЖ) аяқ киім өнімдерінің картасын тіркеген соң оған қатысты ақпарат пайда болады. Соның негізінде өнімнің бірегей таңбалау коды қалыптасады. Сол арқылы әр аяқ киімнің данасы жеке, яғни бөлек қадағаланады.

Біріншіден, таңбалау процесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл арқылы сатып алушы қажетті өнім туралы толық ақпаратқа қанығып, таңдау құқығын иеленеді. Таңбалау мен қадағалаудың екінші маңызды мақсаты – көлеңкелі экономиканы тежеу. Яғни, заңсыз импортты және оған қатысты нарықты жою көзделіп отыр, – деді QazTextileIndustry (дербес басқару ұйымы) ұлттық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.

Былтыр елімізде қаңтар-наурыз аралығында 223,9 мың дана аяқ киім шығарылса, биыл оның мөлшері 421,5 мыңға жеткен. Өндірістік динамика 88%-ға артқан.

Еске сала кетсек, Қазақстанда цифрлы таңбалау мен қадағалау тетігі 3 өнім түрлеріне қолданылып келеді. Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап темекі өнімдеріне, 2021 жылдың қарашасынан бастап аяқ киім өнімдеріне, сондай-ақ былтырғы қараша айынан бері 90 дәрілік затқа қолданылып жатыр.