Краматорск вокзалында қаза тапқандар 52 адамға жетті
Зымыран соққысынан кейін 100-ден астам адам жарақаттанған
Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласындағы вокзалға жұма күні зымыранмен соққы жасалып, жүзден аса адам жараланды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жеткен.
Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, зымыран шабуылы жасалған кезде вокзалда мыңдаған адам эвакуациялауды күтіп отырған.
Қайғылы жағдайға дейін аймақтық әкімшіліктер Луганск және Донецк облыстарының тұрғындарын ресейлік әскерлердің ауқымды шабуылына дейін тезірек көшуді (эвакуация) сұраған. Осы жағдайға байланысты Краматорск қаласындағы вокзалға адам көп жиналған болуы мүмкін.
Украина президенті Владимир Зеленский соққы «Точке-У» зымыранымен жасалғаны жөніндегі ақпаратты растап, Ресей әскерін айыптады.