Жәмила Бақбергенова – үш дүркін Азия чемпионы! (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Қазақстан құрамасы әйелдер күресінен 5 медаль алды

фото: ашық дереккөз

Астана қаласында әйелдер күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші күні 72 кг салмақта бозкілемге шыққан Жәмила Бақбергенова алтын жүлдені жеңіп алды. Ол осымен үшінші рет әр жылдары (2020, 2022) өткен Азия чемпионатының құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Яғни, құрлықтың  үш дүркін чемпионы атанды. Сонымен бірге ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.

Жәмила Бақбергенова финалдағы қарсыласы – Жапонияның балуан қызы Сумире Ниикураны 5:1 есебімен ұтты.

Осылайша, Жәмила Бақбергенова әйелдер құрамасына екінші алтын медальды сыйлады.

Кеше Эльмира Сыздықова жеңіс тұғырына көтерілген еді. Сонымен бірге биылғы Азия чемпионатында Марина Седнева (55 келіге дейін), Нилифур Раимова (57 келіге дейін) мен Елена Шалыгина (68 келіге дейін) қола жүлдені иеленді. Жалпы, Қазақстанның балуан қыздары 5 жүлдеге ие болды.

Балуан қыздардың бес жүлдесі ұлттық құрамаға жалпыкомандалық есепте үшінші орын алуға мүмкіндік берді. Бірінші және екінші орындарды Жапония мен Қытай өкілдері иеленді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ұлттық құраманың мүшесі Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатында қыздарымыз кем дегенде екі алтын медальды жеңіп алатынын айтқан еді.

Азия чемпионатында біздің қыздарымыз алтын, күміс, қола жүлдені де алған. Сондықтан әрқайсының мүмкіндіктері бар. Болжамым бойынша, кемінде 2 алтын медаль аламыз деп ойлаймын. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын, – деген еді балуан қыз.

Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенованың жеңістеріне қарап, оның болжамының дәл келгенін айтуға болады.

Енді 13 сәуірде бозкілемге еркін күрестің балуандары шығады.