Қар, бұршақ, көктайғақ: 13-15 сәуірге арналған ауа райы болжамы жарияланды
Еліміздің солтүстік жартысында көбінесе қар жауады, оңтүстік аймақтарда найзағай ойнап, бұршақ жауады
«Қазгидромет» РМК 13-15 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады.
«Суық антициклонмен және арктикалық ауа массаларымен республиканың бүкіл аумағында ауа температурасының күрт төмендеуі, қатты жауын-шашын күтіледі; еліміздің солтүстік жартысында көбінесе қар жауады, оңтүстік аймақтарда найзағай ойнап, бұршақ жауады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан бойынша жел күшейеді, солтүстік өңірлерде тұман, көктайғақ болады.
Егер республиканың солтүстік-батысы мен солтүстігінде суық ауаның таралуы және ауа температурасының 10 градусқа күрт төмендеуі 14 сәуірде күтілсе, оңтүстік аймақтарда 15 сәуірде күн салқындайды, бірақ оған дейін еліміздің солтүстігінде күн 20-ға дейін, оңтүстігінде 33 градусқа дейін ысиды деп күтілуде.