Өңірде көлік апаты жиілеп кеткен
Қостанай облысында полиция арнайы операция барысында жүргізуші куәлігін оңды-солды таратумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Емтихан алушылар осы қызметпен айналысуға тендерді жеңіп алған. Алайда өз қызметін адал орындамаған: олар жүргізуші куәлігі мен санатты алуға тест тапсыру үшін ақша алып отырған. Жүргізуші куәлігін алатын адамдар іс жүзінде емтихан тапсырмаған.
Қылмыстық топ өңірдегі көлік апатының деңгейіне талдау жүргізу барысында анықталды.
Полиция соңғы уақытта өңірде көлік апаты жиілеп кеткенін, оның салдары ауыр екенін анықтаған.
Тіпті, апатқа ұшыраған жүргізушілер қарапайым жол ережесін білмеген. Бұл жағдай жол апатының көбеюіне ықпал еткен.
12 сәуірде Қостанайда қылмыстық әрекетке қатысты 5 күдікті ұсталды. Емтихан алушылар ақылы түрде жүргізуші куәлігін беріп отырған. Тест тапсырушы 40 минутта емес, 5 минутта тест тапсыра салған. Көбісі мемлекеттік тілді білмесе де, тестіні сол тілде тапсырған, - деді Қостанай облысы ПД басшысы Ерлан Омарбеков.
Оның айтуынша, бүгінде тергеу жүргізіліп жатыр.
«Банк карталары, 1 млн теңгеден асатын ақша, компьютерлер, флешкалар, телефондар мен құжаттар, сондай-ақ тінту барысында күдіктілердің бірінен 12 калибрлі патрондар мен тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді, – деді полиция басшысы.
Арнайы операция барысында мыңнан аса адамның жүргізуші куәлігін алғаны анықталды. Қылмыстық топтың барлық мүшесіне сотқа дейінгі тергеу басталды.