Жоба алдағы 5 жылға арналған
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевпен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бірлестік басшысы мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан саланы дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның ішінде машина жасау саласының өндіріс көлемін арттыру, инвестиция тарту, өндірістік және экспорттық мүмкіндіктерді дамыту, отандық өнім үшін өткізу нарығын кеңейту, сала үшін білікті кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары бар.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру отандық машина жасау саласын дамудың түбегейлі жаңа деңгейіне шығарады деп күтіліп отыр. Кездесу барысында салалық кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, машина жасаудағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және салықтық ынталандыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов кешенді жоспарды әзірлеу бойынша бірқатар ұсыныс беріп, саланы дамытуда бизнес-қоғамдастығының нақты ұсыныстарына баса назар аудару керектігін атап өтті.