Фермерлер заңсыз импорт салдарынан 225 млрд теңгеге шығынға ұшыраған – Қожаназаров
Мәселе ауыл шаруашылығының болашағына қауіп төндіреді
Бүгінде қазақстандық шаруалар заңсыз импорт салдарынан белшесінен шығынға батқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдап, фермерлерді шетелдік жеткізушілердің заңсыз импорты мен демпингінен қорғау керектігін атап өтті.
«2022 жылы Ресейде астық рекордтық деңгейде (153 млн тонна) жиналды. Алайда 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей Федерациясындағы астық қоры бір жыл бұрынғыдан 44% артық болған.
Астық импортына соңғы тыйым кеш енгізілді. Өйткені қазірдің өзінде 2 млн тонна астық жеткізілді. Қазақстанға келтірілген шығын көлемі 63,1 млрд теңгеден асады деп бағаланып отыр. Бұл тек төленбеген ҚҚС мен ҚТЖ тарифі. Соңғы жарты жылда шаруалардың шығыны 225,5 млрд теңгеден асты, - деді Respublica фракциясының жетекшісі Мәжілістің жалпы отырысында.
Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, фермерлер – Қазақстан экономикасының негізі.
Олар бізді сапалы өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауа райы мен қиындыққа қарамастан, күн сайын далада еңбек етеді. Олар балаларымыз бен болашақ ұрпағымыздың денсаулығына қамқорлық жасайды. Бірақ бүгінде фермерлер шетелдің заңсыз импорты мен демпингінен туындаған күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл олардың әл-ауқатына нұқсан келтіріп қана қоймай, ауыл шаруашылығымыздың болашағына қауіп төндіреді, – деді депутат.
Осыған байланысты ол Үкіметке төмендегі жедел шешімдерді қабылдауды ұсынды:
- Алашанькоу арқылы астық пен ұн тасымалдауда туындайтын барлық кедергіні жою үшін Үкімет Қытаймен келіссөздер жүргізсін;
- Астық пен ұнды өткізу нарығын Таяу Шығысқа қарай кеңейту мәселесін қарастыру;
- Мемлекеттік қорға кем дегенде 1 млн тонна болатын көлемде астық сатып алуды жүргізу;
- Келесі егіс науқанын үзіліссіз жүргізу үшін фермерлердің қарызын қайта құрылымдау құралдарын қарастыру;
- «Астық туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдау қажет.