Halyq Uni логотип
×

Атырауда шетелдікке 2 млн теңге, қазақстандыққа 500 мың теңге жалақы төлейтін мекеме бар

Атырау облысында жұмысшылардың жалақысын өсіре алмай отырған мекемелер бар

 Айнұр Асылбекқызы 09.04.2022 | 09:58
Атырауда шетелдікке 2 млн теңге, қазақстандыққа 500 мың теңге жалақы төлейтін мекеме бар
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Атырауда еңбекақы теңсіздігі мәселесі әлі де жойылмай отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жыл басынан бері бірнеше деректі анықтаған. Соның бір мысалы, бір мекемеде шетелдік азаматтар 2 млн теңгеден астам жалақы алса, тура сол жұмысты атқаратын қазақстандық азаматтардың алатын жалақысы 500 мың теңгеге жуықтайды. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров 8 сәуірде өткен брифинг барысында айтты.

Жыл басында облыс әкімдігінде өткен жиналыста ол биыл еңбек саласындағы дискриминация мен жалақы теңсіздігін тексеруге мықтап кірісетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі 12 мекемеге тексеру жүргізілген. Енді тағы 13 мекемеге тексеру жүргізілмек.

Жыл басынан бері Атырау облысында еңбек қатынастары заңнамасының бұзу дерегі бойынша 381 арыз түскен. Соның ішінде басым бөлігі еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы, жалақыны уақытылы төлемеу, еңбек келісімшартының жасақталмауы, демалыс-мереке күндері жалақыны дұрыс есептемеуге қатысты.   

«381 арыздың 217-сі бойынша азаматтардың коституциялық құқығы қорғалды. Нәтижесінде тиісті мекемелерге нұсқама беріліп, 4 млн теңгенің үстінде айыппұл салынды. Былтырғы жылдың статистикасымен салыстырғанда, биыл арыз саны көбейіп жатыр. Бұл заңбұзушылық көбейді деген сөз емес, өзінің еңбек құқығын қорғаушылар саны артты дегенді білдіреді», - дейді Әубәкіров.    

Оның айтуынша, биыл 500-ге жуық мекеме жұмысшыларының жалақысын өсірген.  

«ТШО мердігер мекемелеріне (барлығы 70 мыңнан астам жұмысшы) жалақыны 50 пайызға көтертті. NCOC өз мекеме мердігерлерінің жалақысын өсірді. «Ембімұнайгаз», АМӨЗ де көтерді. Одан басқа, біздің мәлімет бойынша, ірі, орташа және шағын кәсіпорандарда 40 мыңдай адамның жалақысы өсті. Бұл әлі де күрделі мәселе. Өйткені, көптеген мекеме экономикалық жағдайына байланысты жалақыны өсіре алмай жатыр», - деді өңірдің бас еңбек инспекторы.

Облыста жалақы бере алмай отырған мекемелер әлі де бар екен. Еңбек инспекциясы үш айдан астам уақыт бойы жалақы төлемеген мекемелерді бақылауға алып, мониторинг жүргізіп келеді. Қазір 8 млн теңгеге жуық жалақы берешегі бар үш мекеме анықталған. Қазір мәжбүрлі түрде жалақы төлету бойынша сот орынадушыларға нұсқама жолданған.  

Одан бөлек, биыл еңбек ұжымдарында жазатайым 6 оқиға тіркелгенін айтты. Алты адам зардап шегіп, бес жағдайда жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бары анықталған. Бұл оқиғалар құрылыс және электр энергетикасы саласында болған.

«Көп мекеме тиісті жұмысын дұрыс атқармайды. Тиісті бұйрық шығармайды, адамды жұмысқа аларда еңбек келісімшартын жасақтамайды, зейнетақы аударымдары мен сақтандыру қорына тиісті төлем жасамайды. Жұмысшы осының бәрін талап етуі керек. Көп мәселе осы болмағаннан туындайды. Одан басқа мәселе, бізде елімізде шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға дейін мораторий бар. Сондықтан, біз топтық арыз түспесе, оларды тексере алмаймыз. Соны кейбірі пайдаланады. Ал мораторий сол шағын мекемелер өз жұмыстарын дұрыс қалыптастырып, жақсартып алу үшін мүмкіндік ретінде жарияланған. Өкінішке қарай, оны басқалары тексермейді деп ойлап, еңбек заңнамасын бұзып отыр. Топтық арыздан бөлек, біздің облыс әкімінің тиісті өкімін негізге алып тексеруге құқымыз бар, - деді Әубәкіров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама