Заңды қазақ тілінде қабылдайтын уақыт келді – Үнзила Шапақ
Тәуелсіздік жылдарында тек 2 заң қазақша дайындалған
Бүгінде қазақ тілінде заңды талқылап, қабылдайтын уақыт келді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 3 589 заң қабылданған. Олар жұмыс істейді. 30 жылда қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, заты мемлекеттік бола алмады. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Осы күнге дейін қазақ тілінде тек 2 заң жобасы әзірленіп, қабылданған: Тілдер туралы, Көші-қон туралы заңдар, - деді Үнзила Шапақ Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның пікірінше, заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты сын-пікірлер өте көп. Оның бірі – заң термині бірізділігінің сақталмауы.
«Мемлекеттік тілдің аясындағы кешенді проблемалар қазақстандық құқық жүйесі кеңістігінде бір-бірімен сабақтасып, ұштасып, салдарынан түйткілді мәселелер туындап жатыр. Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әртүрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағынасы бұрмаланып, мәні өзгереді. Бұл – жоғарыда аталған сөзбе-сөз немесе калька аударманың салдары.
Мұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды. Сондықтан бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек! - деді депутат.
Заң тілі нақтылықты талап етеді. Сондықтан Үнзила Шапақ төмендегі бағытта жұмыс жүргізуді ұсынды:
- Біріншіден, қазақ тіліндегі барлық құқықтық нормативтік актіні түп мәтініндегі терминологиялық қолданудағы бірізсіздікке, алуандылыққа ревизия жүргізу.
- Екіншіден, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтау.
- Үшіншіден, істелген жұмыстардың нәтижесін сұрыптап, жүйелі анализден өткізу.
Сондай-ақ ревизия нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларда анықталған қордаланған сәйкессіздіктерді жоюдың бірреттік жолын қарастыру керек.