Таудан тастардың опырылып түсуі салдарынан Медеу-Шымбұлақ жолы жабылды
Тастардың көлемі шамамен 20 текше метр болды
Алматы қаласы ТЖД Медеу бөгеті маңындағы тастардың құлауы туралы жедел ақпарат таратты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 11 сәуірде түнде «Қазселденқорғау» ММ Алматы өндірістік қалалық пайдалану басқармасының филиалынан жауапты учаскеде (бекет бөгет жотасында орналасқан) болған «Қазселденқорғау» маманының «Мохнатка» тауы маңында, Медеу бөгетінің тұсынан 300 метр жоғары (Медеу Шымбұлаққа барар жолда) жағында көлемі шамамен 20 текше метр тас опырылып түскенін анықтағаны туралы хабарлама түскен.
Жауын-шашын мен көшкін қаупіне байланысты алдын ала қойылған блокбекеттердің (Қазселденқорғау, ПД, ТЖД, мүдделі ұйымдар қызметкерлері) арқасында адамдардың зардап шегуіне жол берілмеді
Тастардың көп бөлігі қорғаныс қабырғасының ішінде құлап, алайда қорғаныс қабырғасы, сондай-ақ қорғаныс торлары зақымдалған, 2 тіреу майысқан.
Таудан тастардың қайта құлау қауіпіне байланысты «Қазселденқорғау» ММ мамандары «Медеу» табиғи паркі КММ автожол учаскесін толық жабу туралы ұсынымдар берді.
Қазір жол (Медеу-Шымбұлақ) жабылды. Жұмыстарды қала қызметтері жүргізіп жатыр.
Алматы қаласы ТЖД мен Қазселденқорғау алматылықтарға, туристерге және мегаполис қонақтарына Қазгидрометтің жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға барудан бас тартуға кеңес береді. Сонымен қатар тауда қалған туристерге барлық қауіпсіздік шараларын сақтау ескертілді.