Толық емес отбасыдан шыққан, сабақты орташа оқыған
Семей қаласындағы интернатта көз жұмған оқушының өліміне қатысты Абай облыстық Білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма таратқан мәліметке жүгінсек, медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оқушы тамақтың ірі кесектеріне шашалып, тыныс алу жолының жабылуына байланысты механикалық асфиксиядан көз жұмған.
«Семей қаласының психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің 2016 жылғы 13 қаңтардағы қорытындысы негізінде бала «Жеңіл ақыл-ой кемістігі» деген диагнозбен интернатта білім алған. Баланың анасының есту, сөйлеу қабілеті төмен. Семей қаласындағы №9 мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Толық емес отбасыдан шыққан, сабақты орташа оқыған.
Оқушының биологиялық әкесі К.А баламен бірге тұрмаған, бірақ ұлымен үнемі қарым-қатынаста болған. Баланың денсаулығы жақсы болған, ешқашан денсаулығына шағым болмаған, бірақ суық тиіп ауырған. Аптаның дүйсенбісінен жұмасына дейін №6 арнайы мектеп интернатта жатып оқыған, сенбі, жексенбі күндері анасы үйіне алып кетіп отырған» делінген Абай облыстық Білім басқармасы таратқан мәліметте.